Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара аясында Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова сегіз жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады.

Солардың ішінде Ионосфера институтының аға ғылыми қызметкері Айбек Айтоллаұлы Мерекеевте бар. Ол Алматы қаласындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінен екі бөлмелі пәтердің иегері атанды. Айбек халықаралық ғылыми басылымдарда мақалаларын үздіксіз жариялап, мемлекеттік және халықаралық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.
Жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға, ғылыми қызметтің беделін арттыруға және кадрларды ғылым саласында бекітуге бағытталған маңызды мемлекеттік қолдау шарасы болып табылады.Ионосфера институтының ұжымы Айбек Айтоллаұлын жаңа пәтердің кілтін алуымен шын жүректен құттықтап, жұмысына табыс және ғылыми қызметте жаңа жетістіктер тілейді.
