November 26, 2026
2026-2028 | Күн-жер байланыстарын және олардың жер маңындағы ғарыш кеңістігі мен технологиялық инфрақұрылымға әсерін іргелі зерттеу
- ИНН BR31714741
- Аяқтау мерзімі: 2026-2028
- Жоба жетекшісі: Жантаев Жұмабек Шабденамұлы, физ.-мат. ғылым. докт.
- Жобаның мақсаты: Магниттік дауылдардың, соның ішінде кенеттен басталатын магниттік дауылдардың (SSC) геомагниттік пульсациялар мен ионосфералық сигналдың жиілігінің доплерлік ығысуының вариацияларына әсерін зерттеу.
Міндеттері:
2026 – Тыныш және магниттік-толқыған уақыт кезеңдерінде ультратөмен жиіліктер (ULF) диапазонындағы теллуриялық ток пен электромагниттік өріс вариацияларын зерттеу.
2027 – Көлбеу радиотрассада ионосфераны доплерлік зондтаудың қашықтағы пунктін ұйымдастыру.
2028 – Геомагниттік дауылдар, соның ішінде кенеттен басталатын дауылдар (SSC) кезінде ионосфераның жиіліктің доплерлік ығысуындағы жауабының уақыттық кідірістерін зерттеу.
Алынған нәтижелер:
2026 – G5, G4.7 және G2 деңгейлі кенеттен басталатын магниттік дауылдардың (SSC) ультратөмен жиіліктер (ULF) диапазонындағы геоэлектрлік және электромагниттік өрістер вариацияларында толқулардың генерациялануына әсері зерттелді. Теллуриялық ток пен ЭМ-сигналдар жауабының магниттік дауыл деңгейіне тәуелділігі анықталды.
Теллуриялық және электромагниттік өріс вариацияларында SSC-ге жауап ретінде іс жүзінде бір мезгілде айқын дара жоғары амплитудалы серпілістер пайда болатыны, ал олардан кейін амплитудасы мен ұзақтығы магниттік дауылдың қарқындылығына байланысты болатын квазипериодтық тербелістер пакеттері жүретіні анықталды. Кросс-корреляциялық талдау G4.7 магниттік дауылының SSC-не теллуриялық ток пен ЭМ-сигналдар жауабының толқындық пакеттері морфологиясының жоғары ұқсастық дәрежесін (r = 0,831) көрсетті. G4.7 дауылының кенеттен басталуына теллуриялық ток жауабының кідірісі Солтүстік Тянь-Шаньның ылғалға қаныққан жыныстарында геоэлектрлік сигналдың генерациялану уақыт тұрақтысын сипаттайды. Байқалатын кешігудің ең ықтимал түсіндірмесі жердің өткізгіш ортасындағы геомагниттік вариациялар мен индукцияланған электр өрісі арасындағы фазалық ығысу болып табылады, дегенмен SSC әсерінің электрокинетикалық процестерінің үлесін де жоққа шығаруға болмайды.
G2 және G5 магниттік дауылдары кезінде 0,15–0,66 Гц жиілік диапазонында қысқа периодты геомагниттік пульсациялар цугының пайда болуы анықталды. 0,15–0,66 Гц жиілік аралығында қос амплитудасының максимумы 9,38 нТл және 150 нТл болатын байқалатын пульсациялар цугы планетааралық соққы толқынының хабаршысы (foreshock effect) ретінде түсіндіріледі. Бұл эффектіні анықтау IMS-008 индукциялық магнитометрінің жоғары уақыттық ажыратымдылығы (66,6 Гц) мен сезімталдығының арқасында мүмкін болды. Жоғары уақыттық ажыратымдылық режимінде жұмыс істейтін аспаптарды пайдалану жауап реакцияларының бірізділігі мен импульстік сипатын ғана емес, сонымен қатар экстремалды күн жарқылы энергиясының Жердің геомагниттік және геоэлектрлік өрісіне берілуінің уақыттық кідірістерін де қадағалауға мүмкіндік берді.
