«Таза Қазақстан» акциясы аясында Үлкен Алматы көлі аумағынан 50-ден астам қап қоқыс шығарылды

2026 жылғы 9 маусымда Ионосфера институтының ұйымдастыруымен, «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Үлкен Алматы көлі аумағында экологиялық акция өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – стратегиялық маңызы бар табиғи нысанның экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Акцияға Ионосфера институтының қызметкерлері, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мен еріктілер қатысып, жалпы саны 60-қа жуық адам табиғатты тазарту жұмыстарына атсалысты.

Тазалық жұмыстары барысында Үлкен Алматы көліне апаратын аумақтар мен демалыс орындарынан 50-ден астам қап тұрмыстық қалдық жиналды. Қоқыстың басым бөлігін пластик бөтелкелер, темір банкалар, қағаз және тұрмыстық қалдықтар құрады. Мамандардың айтуынша, бұл қалдықтардың көпшілігі туристер мен демалушылардың табиғат аясындағы жауапсыз әрекеттерінің салдарынан жиналған.

Үлкен Алматы көлі – Алматы өңірінің маңызды туристік нысандарының бірі ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізілетін және өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін ерекше маңызға ие стратегиялық аумақ болып табылады. Сондықтан оның табиғи тазалығын сақтау мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті саналады.

Акция қатысушылары қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Табиғатты сақтау тек арнайы іс-шаралармен шектелмей, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Ионосфера институты тұрғындар мен қала қонақтарын демалыс кезінде тазалық сақтауға, қалдықтарды арнайы орындарға тастауға және табиғи аумақтардың тазалығын бірлесіп қорғауға шақырады.

Өткізілген акция «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарын іске асыруға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Жазылып, оқиғалардан хабардар болыңыз